Аризонадағы пима үндістерінің айтуынша, барша адам мен жануардың түп атасы Черуит Маке («жерді жаратушы») атты көбелек болыпты. Ол бұлттан Көк жартастарға […] ұшып түсіп, өз терінен адам жаратқан екен. Адам баласы көбейе келе өзімшіл, ұрысқақ бола бастапты. Сонда өз жаратқандарынан жеріген Черуит Маке бәрін суға батырып жоюды ұйғарыпты. […]
Тауда Хаук деген бір әзәзіл мекендейтін. Ол жұрттың қыздарын ұрлап, ұлдарын өлтіретін. […] Суха оның соңынан білдірмей ілесіп, Суперстишен тауларына барды. Қызы әзәзілге ұсынатын кактус шарабына есеңгірететін дәрі қосып қойды. Әзәзіл шарапты ішкен соң, Суха тығылған жерінен шығып, мең-зең болған жауызды ұрып, миын шашты. […]
Пималардың бұл болжамға сенімі берік болғаны сонша, олар Суперстишен тауларынан аспайды. Өйткені Черуит Маке сол жерде олардың зұлымдығы шегіне жетер сәтті күтіп отыр. Сол сәт туғанда, жотаның ар жағында бөгеліп жатқан алып теңіздің суын жер бетіне қаптатпақ.